Мемлекет басшысы ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

      <a href="https://t.
Мемлекет басшысы ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты
Yayın: 26 Mayıs 2023 Bugün, GÜNDEM Google News

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар
Халықаралық қоғамдастық
Мемлекет басшысы ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты
2023 жылғы
Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті.

Модератор Александр Шохин Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі қабылданған стратегиясында өзара инфрақұрылым байланысы, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» дәліздері және үшінші елдермен арадағы қатынастар секілді перспективті бағыттар қамтылған ба деген сұрақ қойды.

Президент өз сөзінде форумға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жиынға шақырғаны және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

 

 

Мемлекет басшысы 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын атап өтті.

– Шын мәнінде, бұл осы салада атқарылған жұмыстарға берілген баға болды. Әрине, мақсаттар мен міндеттерді қайта пысықтау керек. Форумға қатысушылар және әріптестерім Стратегияның өте маңызды, жан-жақты ойластырылған құжат екеніне келіседі деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы орасан зор екенін ескерсек, өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жерде біз бірден екі деңгейде: бірінші – ішкіодақтық, яғни одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясы бағытында, екінші – халықаралық, яғни көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту аясында жұмыс істейтінімізді айта кету керек. Жаһандық тауар ағынының мейлінше жылдам өзгеріске ұшырап жатқанын ескерсек, қазір жан-жағымызды жіті бақылап, бүкіл аймақта барынша тренд қалыптастыру өте маңызды. Шығысымызда тұтас құрлықты стратегиялық тұрғыда байланыстыруды көздейтін маңызды әрі ауқымды бастама – ҚХР-дың «Бір жол – бір белдеу» жобасы бар. Солтүстік – Оңтүстік желісіндегі сауда-экономикалық қатынасқа сұраныс бірнеше есе артты. Біз, шын мәнінде, осы үдерістердің бел ортасындамыз. Қалыптасып келе жатқан осы жаһандық экономикада біздің қандай рөл атқаратынымыз өзімізге байланысты. Өткен жылдың оқиғалары «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін «жаңа жаһандық логистиканың» басты элементі ретінде дамыту қажет екенін тағы да анық байқатты. Аталған меридианды дәліз Транскаспий халықаралық көлік бағытының ендігімен сәйкес келеді. Сондықтан екі бағытты да үйлесімді әрі жүйелі түрде дамытса, бірін-бірі толықтыра түсетінін көріп отырмыз. Бұл тек өнеркәсіп, көлік және экономика салаларын дамытпайды. Сондай-ақ бұл бағыттар алып Еуразия кеңістігіндегі өзара қарым-қатынас пен кооперацияны түбегейлі өзгерте алады. Мен бұл туралы бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені дәл қазір көлік логистикасы халықаралық ынтымақтастықта алға шықты. Шын мәнінде, халықаралық нарықта көлік бағдарларына, логистикаға және басқа да салаларға иелік ету үшін күрес жүріп жатыр. Бұл – барлық мемлекет үшін пайдалы бизнес. Еуразиялық экономикалық одақ осы бағытта маңызды рөл атқаруға тиіс деп ойлаймын. Одақтың ең басты саяси және экономикалық серіктесі – Қытай Халық Республикасымен тиімді қарым-қатынас жасаудың маңызы зор. Қытай – ең ірі жүк жөнелтуші әрі ең ірі тұтынушы ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы форум қатысушыларына өткен аптада ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барғанын, сапар аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қалағанын жеткізді. Президент бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналатынына сенімді. Сонымен қатар Бақты – Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосу және ҚХР бағытында бөлек шекара өткелін салу жоспарланып отыр.

– Біз Ресеймен нәтижелі ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Себебі бұл жоба тек Қазақстаннан ғана емес, Батыс Сібірден де ҚХР-ға тауар жеткізу мерзімі мен қашықтығын едәуір қысқартады. Тағы бір маңызды мәселе. Физикалық инфрақұрылымды дамытудан бөлек, «жұмсақ» инфрақұрылымды қалыптастыруға баса мән беру қажет. Яғни, цифрландыру, кедендік әкімшілендіру ісін оңтайландыру және әкімшілік жүктемені азайту. Жалпы, қазір біз Еуразияда бұрын-соңды болмаған жаңа көлік құрылымын қалыптастырып жатырмыз десек, артық айтқандық емес. Бұл іске тыңғылықты әзірлікпен әрі жұмыла кіріссек, біршама экономикалық және саяси пайдаға кенелеміз. Бізде толыққанды және конструктивті халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екендігі туралы ортақ түсінік бар деп ойлаймын. Жалпы, ЕАЭО халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп, өзінің танымалдығын, сонымен қатар халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыруға тиіс. Әрине, Еуразиялық одақтың беделі осы ұйымдағы бірлескен жұмысымыздың нақты нәтижелеріне негізделуге тиіс. Сондықтан Қытаймен, Үндістанмен, Вьетнаммен, Иранмен, Мысырмен, Израильмен, Сербиямен және басқа да серіктестермен белсенді қарым-қатынас жасау – Одақтың кемелдене түскенін және оның сауда-экономикалық тұрғыдан тартымды екенін білдіретін маңызды көрсеткіш. Өткен жылдан бері Индонезиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда жөнінде келісім жасау туралы келіссөз жүргізе бастадық. Мен бұл бағыттарды өте маңызды деп санаймын. Сондықтан Еуразиялық комиссия шұғыл әрі жауапты жұмыс атқарады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар Президент Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігіне назар аударды.

– Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Қазақстан 2015 жылғы Шарттың негізінде дәл осы интеграцияны қолдайтынын тағы да атап өткім келеді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфақұрылымға тең дәрежеде қолжетімділік, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек. Бұл – біздің ортақ ісіміздің негізгі қағидаттары. Қазақстан дәл осы қағидаттарды ілгерілетеді. Қазір тұрақты түрде туындайтын кедергілер мен шектеулер туралы көптеген деректі тізбелейтін уақыт емес деп ойлаймын. Мен бұл жағдайды шиеленістіруді жақтамаймын. Бірақ туындаған мәселелерді осында шешу керек. Бұл жерде тәуекел өте жоғары. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – біздің Одақтың беделі. Біз, ең алдымен, өз халықтарымызға Одақтың маңыздылығын, оның тиімділігін көрсетуіміз керек. Ол үшін жан-жақты пысықталған, дұрыс шешімдер қажет. Интеграцияның өте күрделі процесс екенін түсінемін. Бұл барлық ұлттық мүддені бір арнаға тоғыстыратын өте нәзік жұмыс. Бірақ біз бұл жұмысты өзара келісе отырып жүргізуіміз керек. Бізге нақты нәтижелер қажет. Алға қойылған және жарияланған мақсаттардың басым бөлігіне әлі де қол жеткізілмеді. Сондықтан, ең алдымен, Одақ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі міндеттерінің орындалуын соңына дейін жеткізуге баса мән беруіміз қажет деп ойлаймын. Мұны істемесек, алдымызға асқақ мақсаттар қою қиын. Жаңа нәрсені енгізбестен бұрын осыған дейін бірге жоспарлаған дүниелерді іске асыруға барынша күш салуымыз қажет. Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие. Әрине, стратегияда айтылған кез келген басқа саланың маңызы бар. Бірақ оларды экономика тұрғысынан қарастыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

 

 

 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ТМД, ҰҚШҰ аясында, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық шеңберінде жақын серіктестерімен әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға дайын. Форматтарды араластыру бастапқы мақсаттан ауытқып, ресурстарды зая кетіруге әкеп соқтыруы мүмкін.

– Сонымен қатар тағы бір шетін мәселе бар. Басқаша айтқанда, концептуалды шындық немесе біз ескеруге тиіс ерекшелік. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Беларусь пен Ресей мемлекеттерінің одағы. Бұл одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі өте салмақты. Беларусь пен орыс халықтарының тарихының ортақтығын, тіліндегі, мәдениетіндегі, дініндегі бірегейлікті өзара мойындау, яғни бір халық – бір мемлекет екенін мойындау. Демек ЕАЭО-да Одақтас мемлекет бар. Әлемдік саясат тарихында ерекше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парламенті бар «екі ел, бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір ядролық қару да екеуіне ортақ. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения қатысқан интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықпен санасуымыз керек. Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? Бұл – концептуалды мәселе. Осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар форумда Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бейнеүндеуі көрсетілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

Kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ii-euraziyalyk-ekonomikalyk-forumga-katysty-244505

 

 

Son Güncelleme: 26 Mayıs 2023